Тел.: +7 705 777 7788 Кіру

Сыдық Мұхамеджанов

Сыдық Мұхамеджанов – талантты композиторлардың бірі, оның тамаша әуендері  әр қырлы шығармашылығы, аға буын композиторлар мектебінің негізін қалаушылар мен 60-шы жылдары шыққан композиторлардың арасындағы байланыс дәнекері болып табылады.

              Өмірі мен шығармашылық жолы

            Сыдық Мұхамеджанов 1924 жылы Қарағанды облысындағы Шет ауданының Үлкен бұлақ деген жерінде дүниеге келді. Оның балалық шағы дарынды адамдардың ортасында өтті, туған өлкесінен шыққан атақты Тәттімбеттің,Ақанның, Естайдың әндері мен күйлерінің әсем үндері балаға үлкен әсер қалдырды. Оның музыкаға деген әуестігі өзінің анасынан дарыған. Оның анасы өз заманының атақты әншісі болған. С.Мұхамеджановтың музыкаға және кәсіби білімге деген жолы оңай болған жоқ. Ол біресе қазақ, біресе орыс мектептерінде оқыды. 1947 жылға дейін киноактерлар мектебін бітіріп, музыка училищесінің тарихи-теориялық бөліміне оқуға түсті. Денсаулығына байланысты училищедегі оқуын тоқтатып, мектептерде, музыкалық үйірмелерде жұмыс істейді. Тек Алматы консерваториясына түскеннен кейін композициямен шұғылданып, профессор Е.Брусиловскийдің класында оқиды.

Әйгілі сазгер ерен еңбегі үшін 1967 жылы Қазақстанның халық әртісі, 1974 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 1990 жылы КСРО халық әртісі атағын алды. Сонымен қатар, әр жылдары  «Октябрь революциясы», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды.

С.Мұхамеджанов Қазақтың Құрманғазы атындағы консерваториясында оқып жүріп Қазақ радиосында музыкалық редактор болды, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде қызмет етті. 1960-1961 жылдары Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, 1964-1968 жылдары Қазақ филармониясының директоры, 1969-1972 жылдары Қазақтың Абай атындағы академиялық опера және балет театрының директоры болды. Сазгер  «Көктем вальсі», «Сырлы қайың», «Шолпаным», «Тербеледі тың дала», «Жастар маршы» және тағы басқа да көптеген әндер мен романстар жазды. Сондай-ақ  «Бекет» «Ақан сері - Ақтоқты» операларын, «Ғасырлар үні» ораториясын, «Дауыл» симфониясы және  «Алдар көсе», «Ботакөз», «Рәбиға», «Беу, қыздар-ай», «Сәуле» қойылымдары мен   «Ана мен бала», «Біз Жетісуданбыз», «Партизан қызы» кинофильмдеріне  музыка жазды.

         Алғашқы шығармашылық қадамы

            Оқу жылдарының өзінде (50-ші жылдары) композитордың негізгі көркемдік ерекшелігі – тамаша әуендік дарындылығы және ұлтымызға тән үнділігі байқалды. Консерваторияны бітірмей-ақ, талай шығармалар жазды: скрипка мен фортепьяноға арналған соната, қобызға, фортепьяноға арналған пьесалар, хорлар, драмалы қойылымдарға музыка, әндер мен романстар. Бұл жылдары қазақтың халық оркестріне арналған музыкасы мен осы ұжыммен тығыз байланысының оның шығармашылығындағы мәні зор болды. Оркестрге арнап «Балқадиша»  әніне вариациялар (1955), «Қыз қуу» симфониялық суреттемесін (1958), және «Домбыра туралы баллада» поэмасын (1955) жазды. Сонымен қатар, осы кезеңдегі тамаша шығармаларының бірі – «Қуаныш Отаны» атты симфониялық поэмасы (1952). Бұл туынды жастар мен студенттердің Бухаресте өткен Бүкіләлемдік фестивалінде орындалып, Қазақ КСР-інің Жамбыл атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Бұл шығарма С.Мұхамеджановтың есімін тыңдаушы қауымға әйгілі етті.

Шығармашылығының кемелденуі

            50-60 жылдары, консерваторияны бітірген соң С.Мұхамеджановтың шығармалары тыңдаушы қауымды өзіне тарта түседі. Оқып жүрген кезінен тың жанрларды меңгерген композитор ірі-ірі шығармалар жазуға кіріседі. Бұл жылдары жазған шығармалары тыңдаушы көңілінен шығып жүрді. 1964 жылы қойылған «Айсұлу» атты күлдіргі операсы Қазақстанның опера өнерінің  дамуындағы маңызды оқиға болды. Автор ірі музыкалы – сахналық жанрға алғаш рет көңіл аударып, қазіргі болмысты бейнелейтін туындысын ұсынды.

            С.Мұхамеджановқа вокалды жанрлар жақын. Бұл жылдары ол адамның дауыс мүкіндігін толығынан пайдалануға тырысады. Мәскеуде, Қазақ өнерінің онкүндігінде (1958) тұңғыш рет орындалған дауыс және оркестрге арналған концерті оның әуендік стилінің әр қырын көрсетеді. Сонымен қатар, С.Мұхамеджановқа вокалды жанр – өзінің бейнелілігімен де жақын. 60-шы жылдардан бастап, ол Қазақстанның қазіргі өмірін, революция жетістігін, Советтік өмірді ашатын тақырыптарға көбірек жүгінеді. Сондықтан, осы кезеңде шыққан туындылары көбінесе вокалды-симфониялық жанр болды. Олар: М.Мақатаевтың өлеңіне жазылған «Ленин туралы» кантата, Н.Шакеновтың өлеңіне жазылған  «Ленин туралы поэма» . Вокалды – симфониялық жанрда жазылған ірі туындыларына «Ғасырлар үні» ораториясы жатады.«Ғасырлар үні» ораториясы 1960 жылы жазылып, сол жылы орындалды. Поэтикалық тексін Қ. Шаңғытбаев жазған және де ол С.Мұхамеджановтың көптеген вокалды шығармаларының өлеңдерінің авторы. Ораторияны орындаушылар құрамына – дауыстар, аралас хор және симфониялық оркестр кіреді. Оратория сегіз бөлімнен тұрады. Мұнда қазақ халқының өмір тарихын, негізгі тарихи оқиғаларды және ұлттық бейнелерді суреттейді. Бұл шығарма Ғ.Жұбанованың «Заря над степью» ораториясымен қатар қазақ музыкасындағы алғашқы ораториялар болып табылады.

            Симфониялық шеберлігін композитор, қазақтың ұлт аспаптар оркестріне жазған үлгілері арқылы шыңдады («Қазақ увертюрасы», 1966) және соның нәтижесінде «Ертедегі Түркістан» (1966) сюитасы туды. Бұл шығарма «Алдар Көсе» кинофильмінің музыкалық материалы негізінде жазылып, Қазақстанның революцияға дейінгі тұрмыстық өмірін суреттейді. Осы оркестрге жазу тәжірибелерінен кейін, композитор «Дауыл» атты бірінші симфониясын жарыққа шығарады. Симфонияны Октябрь революциясы көсемінің туғанына 100 жыл толу қарсаңында жазды. Мұнда, автор тарихи маңызды кезеңнің кейіпкерлерін бейнелейді және творчестволық талпынысын қорытындылайды. Әр бөлімнің тақырыптық атауы революциялық дәуірдің ерекшелігін көрсетеді: «Халық арманы», «Қасірет», «Дауыл». Бұл батырлық-эпикалық бағдарламалы симфония, мұнда революциялық әндер кеңінен қолданылған.

            70-ші жылдары С.Мұхамеджановтың творчествосы Ленин тақырыптарына арналды. Елімізде  Лениннің туғанына 100 жыл толу мерейтойы тойланды. Революция көсемінің бейнесі ең алдымен вокалды-симфниялық музыкада көрінді (Қ.Шаңғытбаевтың өлеңіне жазылған баритон және симфониялық оркестрге арналған Салтанатты кантатасы, 1976 жыл; М.Мақатаевтың өлеңіне жазылған «Ленин ғасырлар бойы өмір сүреді» кантатасы,1977 жыл және т.б.). Сонымен қатар осы дәріптеуші патриоттық шығармалардан басқа, композитор хорға арнап, туған өлкенің табиғатын бейнелейтін лиро-эпикалық туындылар жазды. Мұнда: Абайдың өлеңіне «Жыл мезгілі» кантатасы (1970), «Құлагер» поэмасы (1973), «Менің Отаным» (1970), «Табиғат» (1970) туындыларын жазады.

            Қазақтың ұлттық аспаптар оркестріне шығарған шығармалары симфониялық оркестрге жазған туындыларына ықпалын тигізбей қоймайды. Кейбір шығармаларының екі редакциясы бар: «Мереке» увертюрасы (1972), «Дала таңы» поэмасы (1970), «Қос басар» (1973). Бұл шығармалар еліміздің жазық, кең даласының думанды көріністерін қазақтың аспаптық музыкасының дәстүрімен танытады.

            70-ші жылдары композитор шығармашылығы тағы бір жағынан көрінеді. Ол – аспаптық музыка: Скрипка мен оркестрге арналған концерт (1975), Гобой менсимфониялық оркестрге жазылған поэма (1979). Бұл жылдары шыққан ірі шығармаларының бірі «Жұмбақ қыз» атты лиро-эпикалық операсы (1971).

            Екі онжылдықтағы жанрдың әртүрлілігінен С.Мұхамеджановтың шығармашылығында қай жанрдың басым екенін анықтаудың өзі қиын. Бұл жанрларда өзінің жазба стилін дамытқанын айта кету керек. 1982-1984 жылдары композитор үш симфониясын тамамдайды. Бұлар: Екінші – симинор; Үшіншісі – үш бөлімді Е.Брусиловскийге арналған, фортепьяноның жеке орындауы басымдау; Төртінші – төрт бөлімді «Бейбітшілікті қорғаймыз» атты симфониялары. Бұл шығармалардың алғашқы Бірінші симфонияға қарағанда айырмашылығы көп. Енді композитор  симфонияның  таза аспаптық жағына  және музыкалық бейнелерді қорытындылау жағына көбірек көңіл бөледі. С.Мұхамеджановтың  симфонияға бет бұруын  оның композиторлық  дарынын , ойын қорытындылап, философиялық көзқарасын жеткізуге  ұмтылуынан көруге болады. Бұл жанрға көңіл қоюы, жалпы Қазақстан симфониялық музыкасы үшін мәні зор болды. 80-ші жылдары симфонияға көбірек көңіл аударылды. С.Мұхамеджановтың симфониялары  парасаттылығымен, жарқын әуезділігімен көзге түседі. Жалпы алғанда, оның симфониялық шығармалары дәстүрлі симфониялық цикл шегінен шықпайды.

            Осы кезеңде қазақтың халық аспаптар оркестріне арнап талай музыка жазды. Бұлар: «Дархандала» симфониялық күйі (1987), домбыраға арналған концерт (1985), қобызға араналған концерт (1988). Симфониялық музыкадағыдай мұнда композиторға тән бейнелілік және музыканы мәнерлеу тәсілі ерекшеліктері сақталған. Музыкадағы бағдарламалық байланыс кейбір шығармалардың қоғамымызда болып жатқан маңызды оқиғалармен өзектестігінде: М.Әлімбаевтың өлеңіне жазылған «Қасиетті менің Отаным» кантатасын КПСС-тің ХХҮІІ съезіне арнаған. С.Мұхамеджанов  ұлттық тақырыптарды ойынан шығармайды. Әсіресе: Н.Шакеновтың, С.Сейфуллиннің, Ш.Уәлихановтың өлеңдеріне жазылған әндері, қойылымға шығарған музыкасынан («Абай-Әйгерім») жәнекинофильмдерге жазған музыкасынан («День ичас Сериккула» – «Серікқұлдың күні мен мезгілі») байқаймыз. Ұлттық стилі жағынан қарасаң, Қ.Шаңғытбаевтың аудармасындағы Бернстың «Финдлей» өлеңін баяндауы өте қызықты. Ұлттық бейнелілікке көңіл қоюын мәтін таңдауынан, қазақ халқының тарихымен байланысты сюжеттерден, оның музыкалық-поэтикалық мұрасын дәріптеуінен («Ақан сері – Ақтоқты» операсы) (1981) көреміз.

            С.Мұхамеджановтың 30 жылдан астам шығармашылығы барлық негізгі жанрларды қамтыды. Қазақ музыка тарихына айтарлықтай үлесін қосты. Оның дарындылығы көркем шығармаларының әуезділігімен, кейіпкер бейнелерінің нақтылығынан, бүкіл шығармашылығы толық гүлденіп ашылған лирикасынан байқалады. Соңғы он жылда (80-ші жылдары) стилі жағынан айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Еліміздің композиторлық шығармашылығы дамып, оның қатарына жаңа талантты ұрпақтар  қосылды. Бұл жылдары С.Мұхамеджановтың музыкасы дәстүрлі музыкаға айналып, бізге 60-шы жылдардағы өнер үлгілерін есімізге салады және қазақтың кәсіби музыкасының жазба дәстүріндегі ұлттық классикалық стильдің өз уақытында дамуына қосылған үлес болып қала берді.

 

Қолданылған әдебиеттер:

  1. Момынұлы П. Қазақ музыкасының қысқаша тарихы [Мәтін].- Алматы: ҚАЗақпарат, 2002.-334 б.
  2. Композиторы и музыковеды [Текст] Справочник.-Алма-Ата: Өнер, 1983.-425 б.
  3. Қазақ энциклопедиясы[Мәтін]6-т. Қ-Н. -Алматы:Қазақ энциклопедиясы,2004.- 694 б.

Мерзімді басылымдар беттерінен:

Музыка өнерінің бірегейі  [Мәтін] / Өмір Кәріпұлы//Шет шұғыласы.- 2010.- 11 ақпан (№7).-4 б.

Ысқақ Тәукейұлы

Монғолия және Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі, музыканың білікті маманы, сазгер, ҚР Мәдениет қайраткері Ысқақ Тәукейұлы 1937 жылы 4-ші наурызда Монғолияның Бай-Өлке аймағында туған.

Ысқақ Тәукейұлының өскен ортасында дәулескер күйшілер, айтыскер ақындар өте көп болып, музыкаға деген әуестігі 8 жасынан басталған. 1958 жылы орта мектептің 10-шы сыныбынан қазақтың халық аспаптар оркестріне музыкант болып қабылданады. 1968 жылы Монғолия мемлекеттік консерваториясына түсіп, 1973 жылы ойдағыдай тамамдайды. Ал, 1974 жылы Монғолия Композиторлар  одағының мүшелігіне қабылданады. Атажұртқа ат басын тірегенге дейін  Бай-Өлке аймағындағы қазақтың халық аспаптар оркестріне жетекшілік етеді. Сонымен бірге көптеген шығармашылық туындылары ел кәдесіне жарап, сахна сәнін келтірген. Мысалы, оркестрге арнап 10 поэма, 6 увертюра, 4 сюита, 100-ге тарта ән мен романстар, көптеген күй әуендерін өмірге әкелген. Соның ішінде «Ақадыр вальсі», «Аңсайды елі Сәкенін», «Алаштың Ақселеуі» атты әндері жерлестерінің сүйіп айтар әніне айналған. Жекелеген авторлардың  32 туындысын өңдеп, оркестрге түсірген. Монғолияның атақты композиторы Дамдинсүренің «Әмірсана» операсын, Мұқан Төлебаевтың әйгілі «Біржан – Сара» операсының 3 актісіндегі ән-би композициясын ұлт аспаптар оркестріне лайықтап жасаған. 

2008 жылы  Ысқақ Тәукейұлының  таңдаулы күйлері мен әндеріне арналған «Арқада туған әуендер», 2012 жылы атамекен шежіресін баян ететін «Аңсау»  атты естелік кітабы жарыққа шыққан.

Еселі еңбегімен халқының қалаулысына айналған, атажұртын әнімен әлдилеген Ысқақ Тәукейұлы  2006 жылдың қорытындысы бойынша облыс әкімінің «Үздік   сазгер» номинациясына, 2011 жылы «Қазақстан Республикасы Мәдениет      қайраткері» атағын иеленді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Шет ауданы.Энциклопедия.- Алматы:Қазақпарат,2013.- 382 б

 

Мерзімді басылымдар беттерінен:

Қанаттасым еді  [Мәтін] / Өмір Кәріпұлы//Орталық Қазақстан.- 2013.- 18 мамыр (№77-78).- 8 б.

Сылқын судың саңлағы  [Мәтін] / Алтай Смет //Орталық Қазақстан.- 2013.- 18 мамыр (№77-78).- 8 б.

Мұстафаұлы Ермек

Мұстафаұлы Ермек 1917 жылы 6 қаңтар күні Шет ауданының қазіргі Бұғылы баурайында дүниеге келіп 1990 жылы дүниеден озды.Өнер  қайраткері, Сазгер, ақын, актер. С.Сейфуллин атындағы Қарағандының облыстық  драма театрында актер, әнші  болып  қызмет атқарды.Сол театрда 1941-1956 жж. Қазақстан  халық әртісі Мүлік Сүртібаевпен «Қозы Көрпеш-Баян Сұлудаға» Қозының, «Қыз Жібектегі» Төлегеннің рөлдерін алмасып орынған болатын. Кеншілер сахнасында «Еңлік-Кебектегі» Кебектің, «Айман-Шолпандағы» Әлібектің, «Исатай-Махамбеттегі» Махамбеттің, «Ер Тарғындағы» Сақанның образдарын сомдайды.

Ермек Мұстафаұлының орындауында халық әндері және халық сазгерлері  Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Естай, Иманжүсіп, Үкілі Ыбырай, Әсет, Балуан Шолақ, Абай, Мәди әндері бар. Сондай-ақ Мақтымқұлы, Омар һаям, Бұхар жырау, Шортанбай, Кемпірбай, Шөже, Зейнеп, Соқыр Қақпан, Маясар сияқты ақындар  мұраларының жалынды насихатшысы. Ермек Мұстафаұлы көптеген шығармашылықпен айналысқан.

1964-1975 жылдары Шет ауданының Ақсу-Аюлы халық театрының режиссеры  болып қызмет атқарды. 1975 жылы  «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» спектаклін аудан халқына өте жоғары деңгейде көрсетіп, театрға  «Халық театры» атағын иелендірді.Бұл «Халық театры» атағын  Алматының драма театрының белгілі актерлары тағайындап кетті. Кеңес заманында Ермек Мұстафаұлы көптеген аудандық, облыстық, республикалық ақындар айтысына қатысты. Самат Мұсабеков, Рысқұл Жақанов және т.б. көптеген ақындармен айтысқа түсті. Көптеген өлеңдері және әндері  бар. «Бұғылы», «Туған жер», «Бөбегім», «Нұраталды», «Еңбек ері», «Сауыншы», «Арнау» т.б. жыр шумақтары бар.

Әр жылдары жазған өлеңдері аудандық «Ильич туы», облыстық «Советтік Қарағанды», республикалық «Лениншіл жас» газеті, «Жұлдыз» журналы, т.б. басылымдарда жарияланған.Еңбек  Қызыл  Ту, Құрмет  Белгісі  ордендерімен  марапатталған. Биыл 2017 жылы 6 қаңтарында Ермек Мұстафаұлына туғанына 100 жыл толды.

Шығармалары:

Ақын, актёр, әрі әнші-композитор Ермек Мұстафин (1917-1990 жж.) Ермек Мұстафин Туған жерге тарту. Өлеңдер жинағы. Шет ауданы: Ақсу-Аюлы селосы, 1990ж. - 38 б.

PDF материалдары

Мұстафин Қайрат Ермекұлы

Қайрат Ермекұлы Мұстафин 1959 жылы туған, 1986 жылы Тәттімбет атындағы Қарағанды музыка училищесін, домбыра мамандығы бойынша бітірген. 2008 жылы Қарағанды «Болашақ» университетін – мәдениеттану мамандығы бойынша бітірген. Аталған мектепте 1985 жылдан бастап ұстаздық және 1998 жылдан  бастап осы уақытқа дейін директор лауазымын атқарып келеді. Жалпы  еңбек өтілі  31 жыл, І санатты  мұғалім.Осы ұзақ мерзім ішінде, ол өзін білімді маман, жақсы басшы ретінде көрсете білді. Ұжымда беделді, қарамағындағы ұстаздар мен басқа да қызметкерлерге талап қоя білетін  басшы.

      Өзі дәріс беретін домбыра сыныбы бойынша жылдар бойы бірнеше талантты шәкірттер тәрбиелеп шығарды. Қазіргі таңда шәкірті Садыкова Жарқынгүл Бірлесқызы -  Қарағанды қаласындағы № 1 Балалар музыка мектебінің халық аспаптар бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады.  Сондай ақ шәкірті  Алтынбекова Әсел Жәуетқызы М.Горький атындағы эксперименталдық  мектеп-гимназияда музыка пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарды. Шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізді. Көптеген шәкірттері  қазіргі кезде әр түрлі  салада еңбек етіп жүр. Қайрат  Ермекұлы әнші, күйші, сазгер, актер және әуесқой суретші. Ол бірнеше өнерді меңгергендіктен аудан халқы «Асылдың сынығы», «Тұлпардың тұяғы» деп  дәріптейді.

        Өйткені әкесі  ақын, сазгер, әнші, актер әрі театр режиссері және  өнер қайраткері Ермек Мустафин Қайраттың өнерге  өте бейімді екенін сезіп 5 жасынан бастап  домбыра шертуді үйретеді. Қайраттың алғашқы үйренгені Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» деген әні екен. Қазір Қайраттың  репертуарында халық сазгерлері Құраманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Тәттімбет, Дайрабай, Қыздарбек, Сембек, Әбди, Сүгір, Т.Момбеков, М.Хамзин және т.б. сазгерлердің күйлері бар.

         2000 жылы  наурыз айында Мәдениетті қолдау жылына орай  аудандық әкімшілік және мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен Қайрат Ермекұлының «Күй-құдірет» атты шығармашылық кеші өткізілді. Өзінің сазгерлік  қабілетінің арқасында қырыққа жуық ән-күй шығарған. Сол кеште өзінің біраз туындыларын өзі және шәкірттері  орындады.  Күйлері: «Әкені аңсау», «Сырлы саз», «Анашым», «Сезім шуағы», «Майда Қосбасар», «Шабыт», «Күйші тағдыры», «Төгілдір», «Арқа шертпесі» және т.б. Әндері: «Туған жер», «Қарағанды», «Күй-мұра», «Махаббат-асыл қазына», «Туған жерім Аюлым» және т.б. Қазіргі шәкірттері  Батыршинов Данияр, Шағырова Құралай, Әбенова Арайлым, Шайқин Бағжан, Әли Дәнияр, Қапасова Перизат, Қадірбек Азиат, Жарылқаған Аружан т.б. әртүрлі байқаулар мен фестивальдерге  қатысып жүлделі орындарға  ие болып келеді. Қайрат Ермекұлы  қоғамдық жұмыстарға да белсене  араласады. Ол музыкалық мектеп ішіндегі ұлт-аспаптар  орекстрінің  көркемдік  жетекшісі және аудандық Мәдениет үйінің  халықтық Ақсу-Аюлы ән-би  ансамблінің белді мүшесі. Ол  үнемі ізденіс үстінде жүреді және  өз жұмысына  үлкен  жауапкершілікпен қарайды. Домбыра аспабында оқитын оқушыларға халық  сазгерлерінің ән-күйлерін, этюд, пьесаларды өте сауатты және  шеберлік  деңгейде үйрете біледі.

       2015 жылы ұлы күйші Тәттімбет Қазанғапұлының 200 жылдығына  арналған  облыстық күйшілер фестивалінде жақсы өнер  көрсетіп аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

       2016 жыл Қайрат Ермекұлына  табысты  жыл  болды. Қарағанды қаласында  өткен Халықаралық «Гармония» атты фестиваль  байқауда  педагогтар арасында өткен өнер додасында домбыра  номинациясы бойынша І дәрежелі диплом алып лауреат атанды, және  шәкірт дайындағаны үшін фестивальдің Алғыс  хатымен марапатталды.Сол фестивальде оқушылар арасында өткен  байқауда  шәкірті домбыра  номинациясы бойынша Шайқин Бағжан ІІ орынға ие болды. Одан кейін тағы бір шәкірті Әли  Дәнияр «Нұр Отан» партиясының қолдауымен  болған  Халықаралық қайырымдылық «Рух» атты  фестивалінде домбыра  номинациясы бойынша байқауда   ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

Қайрат Ермекұлы  Мұстафиннің теориялық білімі  өте  жоғары, мәдениеттілік, парасаттылық, адамгершілік, білімділік қасиеттерді бойына сіңіре білген ұлағатты ұстаз, жаңашыл іскер, талап қойғыш басшы. Ол үлгілі  отбасының отағасы, өнегелі әке. Келешекте өнер  жолында үлкен  жетістіктерге  жетуіне сенім білдіреміз.