Жоғары

Шет ауданының тарихы

 

            Шет ауданы – 1928 жылы 17 қаңтарда Қарқаралы округінің болыстарының негізінде құрылды. 1930 жылы осы күнгі мекені Аюлы тауының баурайына орналасты. Ең алғаш аудан орталығы Қызылеспе деген жерде орналасқан. Шет ауданының негізін қалаған Бесата елінде 18711 адам болған. Бүгінде Шет ауданы облыс көлеміндегі ең іргелі, ірі аудандардың санатында. Қазір аудан 48 елді мекенді біріктіретін 25 әкімдік аумақтық бірліктен тұрады. Жалпы саны 48 мыңдай халық орналасқан, ауылшаруашылығы дамыған аудан.Ауданның жалпы жер көлемі 6,5 млн.га немесе облыс аумағының 15 пайызын құрайды.

            Байлығына көз тіккен жат жұрттан елі мен жерін қорғай білген бабалар ерлігі ұрпаққа ұран. Талды өзені бойында Сеңкібай батыр мазары тұр. Нұра өзені бойында Абылайханның ту ұстаған батыры Жидебай батыр жатыр. Жасыл туды Жарлығап батыр, ат көтере алмас Сазанбай, Дерібсалы батырлар туралы заманда туған тарихи жырлар ел есінде сақталған. Кенесары ханның қолбасшысы Ақжолтай Ағыбай батыр ел мақтанышы. Ресей империясына қарсы алғаш қару көтерген Кенесары ханның ағасы Сержан осы Бұғылы бойында жыл жарымнан аса уақыт орда тігіп, елді күреске дайындаған. Кенесарының қамалы да, Кенеханның өзі ғана су ішкен құдық та Маңақа бойында Кенехан бойын сергіткен Қарасу да, атасы Абылайхан демалған орын да осы өңірде. Қазақ әдебиеті тарихындағы зор тұлға Шортанбай жырау осы Ақсу- Аюлынікі, Ақтентек сері серілігімен ел аузына іліккен. Атақты Қақпан ақын, Жуасбай, Дияқажы, Бабас, Оқа, Түсетай, Ғаббас, Күмісбек ақындар сөз өнерінің биік шыңы іспеттес. Дияқажы артында «Шаһарбану» дастаны қалды. Оқа шежіреде «Абылайхан» деген дастан жазған. Түсетай «Сарыарқа» толғауын қалдырған. 1943 жылы алғашқы республикалық ақындар айтысында бірінші орын алған Маясар ақын туралы сол кезде Мұхтар Әуезұлы деректі фильм түсірткен. Кешегі Кенесары ханмен үзеңгілес болған Бәйсеіт би, Дүйсенбай, Жаңқұтты шешен, Қара билер туралы аңыз мол. Арқадағы шертпе күй өнерін аса биікке көтерген, шертпе күйдің бір мектебін қалыптастырған Қыздарбек күйші, оның шәкірттері Әбди, Сембек, Ақмолда, Кәрібек, Мақаштардан қалған күйлерге бүгінде қазақ елі тамсанады. Жуасбай өткір тілді айтыскер ақын. Артында «Ерназар- Бекет» шығармасы қалды. Сәрінжіп ақын жұртқа кеңінен танымал. Айтыске ақындар арасында Исабектің шоқтығы биік тұрған. Шаяхмет ақын қазақ жастарының гимнің жазды. Жәкен Байтуов «Көкжайдақ», «Бөрі батыр» поэмаларын жазған. Тәшен ақынның артында «Мың ғазел» атты қолжазба кітабы қалған. Өңіріміз көне заман суреті мен сызбалары сөйлеп тұрған тарихи ескерткіштердің тілсіз мұрасына аса бай. Тас бейне қашалғанына 3 мың жылдан асқан таңбалы тастан суреттер көне заман тарихынан мол мәлімет беріп тұрғандай. Егіз қойтастағы үш қабат үйдің биіктігіндей жартас басына қолмен қашалып салынған 72 ұялы дойбының тақтасы әлем тарихында дойбы – шахмат ойынының шығуына жаңа көзқарас тудырары хақ. Аудан аймағында республикалық дәрежедегі 25, облыстық дәрежеде қорғауға жататын 30, аудандық дәрежедегі 35 ескерткіш бар.

 

 

 


Келулердің саны: 5544