Жоғары

Бөрі батыр

 

ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Бөрі батыр Кенжебайұлы атақты Деріпсалы батырдың немересі. Бөрі батырға аяғы ауыр келінінің қасқырдың етіне жерік екенін естіген Деріпсалы аңға шыққан сайын баласының отауына олжалаған арлан қасқырдың терісін сыпырып алып, етін қойдың терісіне орап әкеп тастайды екен. Бөрі туғанда “батырлығымды жалғастырар  ұл туды” - деп атын өзі қойыпты. Ол үміті ақталып, Бөрі 18 жасында жекпе-жекте Ақсерке батырды жеңіп, батыр аты шығады.

Ел аузындағы аңызда сексеннен асқан Деріпсалы батыр жорыққа қолды өзі бастап барып, Ақсеркемен жекпе-жекке шықпақшы болады. Согда немересі Бөрі тұрып:

-         Жекпк-жекке мен шығайын. Жолыңызды маған беріңіз. Сіз жеңілсеңіз исі

қазақтың атына таңба болар, мен жеңілсем бір шикі өкпе бала өлді дер, - батырдан рұқсат сұрайды.

Сол жекпе-жекке Ақсеркедей батырдың басын алып, жеңіспен оралған Бөріні “өз Бөрім ғой!” деп кең шапанына орай құшақтаған Деріпсалы немересіне аталық батасын береді. Бөрі батырдың Ақсеркемен жекпе-жегі жайлы айтыскер ақын Жәкен Байтуов “Бөрі батыр” дастанын жазған. Екі батырдың жекпе-жегі дастанда былайша жырланады:

Садағын Серке қолға алды,

Сегіз қырлы оқ салды.

Басын тежеп бедеудің,

Тартуға садақ толғанды.

Қақ жүректің тұсы деп,

Өлер жерің осы деп.

Балдырғандай Бөріні,

Шіреніп тартып қалады.

Зырқырап оғы кетеді,

Жас Бөріге жетеді.

Атылған оқ дәл тимей,

Жанынан жанап өтеді.

Жығылмай аттан тұрған соң,

Қалғанын көріп өлімнен.

Бөрі өлген жоқ, тірі деп,

Жолдастары шулады.

Өлімнен Бөрі қалады,

Бөрі кезек алады.

Үстіне киген сауытын,

Беліне садақ іледі.

Қуат бер деп ішінен,

Шошығандай түсінен.

 Айырылғандай есінен,

Бөрі бала есінеді.

Ақ найзаны безеді,

Бетін батыр түзеді.

Ақсерке де сезеді,

Қашатұғын қатын ба.

Ақсерке де ер еді.

Бөрі батыр қырланып,

Түсі кетті сұрланып,

Қауіптенді Ақсерке,

Қайтеді деп ойланып.

Найзасын бөрі сермеді,

Дәл жүректен түйреді.

Ақсеркені құлатып,

Балықтай шаншып түйреді. 

Ақсерке батыр өледі,

Өлгенін халық көреді.

Жетекке алып бедеуді, Бөрі батыр жөнелді.

Ақсеркемен жекпе-жекке шығарда Деріпсалы немересі Бөріге өзінің сауыт-сайманын кигізіп, қолына өзінің алмас қылышын берген екен дейді аңыз әңгімелерде. Ақсеркенің басын алған батырдың қылышы ұрпақтарының  қолында сақтаулы.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

    Шет ауданы: [Мәтін] энциклопедия – Алматы: Қазақпарат, 2011 – 23 б.

    Жүністегі, К. Шырағдан [Мәтін] / КЖүністегі.- Алматы: Ел - шежіре , 2007.-76 б.

 

Ол туралы:

Ақын Жәкен Байтуов [Мәтін]: өлеңдері мен поэмалары : Балқаш, 1991.-30-70 б.

 

Мерзімді басылым беттерінде:

Рысбеков, Б. Жәкен Байтуұлының "Бөрі батыр" поэмасының көркемдік ерекшелігі [Мәтін] : ақынның хаты өлмейді / Б. Рысбеков // Азия Транзит,  2004 (№3). - 24-25 б.

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Келулердің саны: 3424