Жоғары

«Бабалардың мирасқоры біздерміз»

...

Шет аудандық  мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және  Шет аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің үйымдастыруымен Қазақ  хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай «Бабалардың мирасқоры біздерміз» атты мүшәйра өткізілді. Мүшәйра тамырлы тарихымызды терең білуді насихаттау, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті жандандыру,  жасөспірімдер арасынан талапты,  талантты жастарды іздеп табу мақсатында ұйымдастырылды.

Биыл Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толып отыр. Елбасы: «Қазақ халқының тарихы – бірігу тарихы. Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ », - деп айтқандай, осынау сайын даламызда 1465 – 1466 жылдары Қозыбасы өңірінде Қазақ шаңырағы бой көтерген еді,  – деп кітапханашымыз Құнанбаева Маржан  байқауды бастады.

Поэзия атты парасат биігіне ұмтылған жас қанат, жас талаптардың әсем кешін бастау  үшін Шет аудандық орталық кітапханалар жүйесінің директоры Мейрамгүл  Сансызбайқызы  Нұрпейісоваға сөз кезегі берілді.

Кітапхана қызметкерлері – Бақаев Ерқанат, Байжанбаев Алихан, Алтынбек Бекзат ұйымдастарған, Қазақ  хандығының құрылуы тақырыбындағы «Тарихтағы алтын әріптер» атты көрініс көрсетілді.

Қазақ  хандығының 550 жылдығына орай қалың жұртшылықтың хандықтың тарихына, оның ішінде хандықтың құрылуына деген қызығушылықтары күрт артып отыр. Осыған байланысты қолына қалам ұстағандардың бәрі өз жүрекжарды қуаныштарын, толқыныстарын қалам қуатымен жеткізуде.

Балауса ақындар шығармалары арқылы көркемсөз оқу және өз шығармалары арқылы ақындық шеберліктерін көрсетті.Ортаға байқауға қатысушылар кезекпен шақырылды. Әрбір аты аталған қатысушылар ортаға шығып, өлендерін оқыды:

Тағы суреттер

Үнірек  ауылынан келген 11- сынып оқушысы Аманкелді  Аяжан  Серікболқызы   «Бабалардың мирасқоры біздерміз», «Тәуелсіздік», «Жеңіс күні»,  Нұраталды  ауылынан 9-сынып оқушысы Бәдел Жаһаншақ  Жандосұлы «Тарих жайлы ой толғау», «Өтірікпен әдемі жыр құртылады», «Қазақта ел болмаған дегендерге», Талды жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Абдрахманова Дилназ Ардаққызы «Туған жер», «Қарағандым», «Бейбітшілік орнасын», Ақадыр кенті Ю.А.Гагарин атындағы мектеп – лицейінің 10 сынып оқушысы Қоңырбаева Еркем Қоңырбаевна «Қазақ  хандығының 550 жылдығына», «Жеңіс күнінің 70 жылдығына», «Қарағанды қаласына», «Тәуелсіздік күнімен» атты балғын жырларынан шашу шашты. Шет аудандық агротехникалық колледждің 3-курс студенті, аудандық мүшәйралардың белсенді қатысушысы, Абай оқуларының өз шығармашылығы бойынша бәйгесінің жүлдегері басқа қоғамдық шараларға үзбей қатысатын талапты жас Қуатов Ержан Нұрланұлы «Фариза Оңғарсыноваға арнау», «Мұқағалиға арнау»,  «Абайға арнау»,  «Ұлы Дала ...Үзік – үзік суреттер», Киікті ауылында дүниеге келген, қазіргі таңда Астанадағы Қазақ технология және бизнес университетінің  2-курс студенті,  2015 жылы Астана қаласында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай өткізілген Республикалық ақындар мүшәйрасының ІІ орын иегері, жырлары «Өр үмітті жастар» жинағына енген Әбдіғалық Әли Ерболатұлы , Ж. Ақылбаев мектеп -гимназиясының 9-сынып  оқушысы, Аудандық  Махамбет оқуларының бірінші орын иегері, облыстық  Махамбет  оқуларының алғыс  хат  иегері, мектепішілік  Абай оқуларының  ақын өлеңдерін жатқа оқу кезеңі бойынша екінші орын, өз шығармашылығы бойынша 3-орын иегері ,аудандық "Қазақстан - алтын бесігім'' байқауының 3 орын иегері Айтжан Айдана  «Қазақ хандығына»,  «Тәуелсіздік тұғырым»,  «Ұлы  ата», «Мәңгі  жасап ешқашан өлмейді атың» өлеңдерін оқығанда, жиналған қауым жас дарындардың өнеріне тәнті болды. Айдананың жетекшісі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі – Тәжібеков Серікбол. Бұрма ЖОББ мектебінің 11«а» сынып оқушысы Кадірбек Айтансық «Қазақ хандығының 550 жылдығына арнау», «Туған жерім», «Тәуелсіз Қазақстан», «Жан анам», Ақшатау ауылы, Ш.Уалиханов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Тайтөлеуов Жайдар Санатұлы «Қазақпын атқа мініп, жауға жапқан», «Аналарға тағзым» балауса жырларын көрермендерге тарту етті. Жергілікті ауылдық кітапханашылардың қатысушыларды қалың оқырман арасынан іздеп тауып, бәйгеге баптап қосқан еңбектерін айту міндет.

Жас таланттардың талабын талқыға салып, әділ төрелігін айтқан әділ қазылар алқасын ақын, күйші, композитор Зәрубай Сүйіндікұлы, Шет ауданы әкімінің бас хатшысы, «Ұлағат» қазақ тілі қоғамы  қозғалысының төрағасы Ертай Жарылғапұлы Жәнібеков, Шет аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің  бас маманы Махмұтова Гүлзада Амангелдіқызы , Шет агротехникалық колледжінің оқытушысы Қалижан Қадырет құрады.

 Әділ қазылар алқасының шешімі бойынша, Бас жүлде  Нұраталды ауылынан келген қатысушы Бәділ Жаһаншақ Жандосұлы қанжығасына байлап, 1-орын Киікті ауылынан келген жас ақын Әбдіғалық Әли Ерболатұлына бұйырды , 2-орынды Үнірек ауылынан Амангелді Аяжан Серікболқызы және  Ақадыр кенті  Ю. А. Гагарин атындағы мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Қонырбаева Еркем Қоңырбаевна женіп алса, 3-орынға Шет ауданы агротехникалық колледжінің  3-курс студенті Қуатов Ержан және Ж. Ақылбаев атындағы мектеп- гимназиясының 9- сынып оқушысы Айтжан Айдана ие болды. Өзге қатысушыларға ынталандыру сыйлықтар және алғыс хаттар табысталды.  

Қазақ хандығы- қазақ ұлтының мемлекеттілігінің бастауы, ерліктің еншісі, елдіктің арқауы деп кеуде кере мақтануымызға толық негіз бар. Тарихымызды ұлықтау, өткенімізді ұмытпау – өзіміздің қолымызда, әрбір қазақпын деген саналы жанға артылған жауапкершілік. Ұлы тұлғаларымыздың ұлағаты – әрқайсымызға аманат.

   Алып бәйтеректей тамырын тереңге жайған Қазақ мемлекетінің келешегі кемел, болашағы жарқын болсын.

 

    «Қазақта ел болмаған» дегендерге

Азайтып топ алдында қарқынымды,

Төмендетіп алмайын бар құнымды.

Жырлайын, тап бес жарым ғасыр бұрын

Керей, Жәнібек құрып берген хандығымды.

Айта алам «елім десем толғанам» - деп,

«Жыраулардың соңы болып жалғанам»- деп,

«Бала жыры, бақсының жыны» қылып

Путин айтты: «Қазақта ел болмаған» - деп.

Хандық еді әлімсақтаң бас бағымыз,

Жөн болмас бар ырысты шашқанымыз.

Қолда дәлел, һәм дәйек болғаннан соң,

Келмейді оның сөзін растағымыз.

Қазақ жері қазақтардың мақтаны еді,

Тарих болмаса Петр бізді байқар ма еді?

Қазақтың ұлан – ғайыр жерін көріп.

«Азияның қақпасы» деп айтар ма еді?

Бізде хандық шынымен болмаса егер,

Жоңғарлардың беттері қайтар ма еді?

Жәңгір хан алты жүз ғана сарбазбенен

Елу мыңдай жоңғарды жайпар ма еді?

Ақындық өнеріңе Радловтай

Таңданып ғалым басын шайқар ма еді?

Хандық болдық, Тәңір бізді жақтағасын,

Ниетіміз жауған қардай ақ болғасын.

Сондықтан білмей жатып күпірлік қып

Жамандап, бос лепіріп, оттамасын.

Әруақты Жәнібек, Керей бабам,

Тамырында қазақы қан ойнаған.

Елге деген махаббаттан айналайын,

«Құлқын» емес, «ұлтым» деп атойлаған.

Хандығына еге болған хандарым – ай,

Құрбан қылған ұлты үшін жандарын – ай!

Тағын емес астында болғанындай,

Бағының ойлаған елдің жанғанын – ай !

У болмаса , ақын тілі шағар ма еді,

Тамыршыдай үндестікті табар ма еді?

Қазақта шыныменен ел болмаса,

Абылай Бұхар тілін алар ма еді?

Арқасында патшаның ақын тыңдар,

Қазақтың баста бағы жанар ма еді?

Ұлты үшін Тәукел хан тәукел ғып,

Әскер бастап қолын қанға малар ма еді?

Тәуке хан «Жеті жарғы» заң шығарып,

Нүкте болған ең соңғы хандығымда,

Елі үшін құрбан қылған барлығын да,

Елі үшін ақ патша басы кеткен

Хан Кенеге қарыздарсың барлығың да.

Хандығым, болмақ дәйім атың нұрлы,

Сарп етейін сен үшін бар дарынымды.

Бүгінгі « хан » алса болды сенен үлгі,

Ұрпақтарың білсе екен қадіріңді.

                                                  Бәділ Жаһаншақ Жандосұлы

                                                 9 сынып оқушысы Нұраталды ауылы

 

Құттықтау

Қазақ хандығының 550 жылдығына

 

 Қаһарынан қағылып тайса аспаным,

Үрейінен үгіліп сай тастарым.

Торқалы той төрінде тамсандырып,

Көк түрікті жырламау қай сасқаным.

 

Қорған қылып Тәңірдің тас тақтасың,

Ұзақ болсын ғұмырын ,қас-қақпасын.

Алты алаштың айбыңды асқақ аты,

Алты құрлық алдында асқақтасын.

 

Жер бастырмай тік ұстап өр кеудесін,

Бүгінгі ұрпақ ел десін, өлкем десін!

Төрт құбылам тең болып,

Қазақстан,

Төрт күл дүние төріңде өркендесің!

 

Шапқан талай ат дүбірлі тағасы,

Найза жүзді, қылыш қынап аласы.

«Қара дала», қызыл қанмен сақталған,

Бұл Алтай мен Атыраудың арасы.

 

Жас жанарға қалмас ешкім бұлай қап,

Өр қазаққа қашаннан да Құдай жақ.

Жат тізгіні жүргізе алмас әмірің,

Жәнібек пен Керей құрған бұл аймақ.

 

550 жылдық тойлап хандығым,

Жебе жырым нысанасың жарды мың.

Бар қазақтың азаттығы басында,

Алты Алаштың арты-көктем,алды-күн.

 

Өтті күндер мешіт құшып шіркеусіз,

Азаттығым қалдыра алмас өртеу,сыз.

Бұл қазақтың баға жетпес байлығы,

Бұл қазақтың қазынасы өлшеусіз.

 

                                                                       Әбдіғалық Әли Ерболатұлы

                                                                       Киікті ауылы,Астанадағы Қазақ технология                  

                                                                       және бизнес университетінің 2  курс студенті.

 

Ұлы Дала... Үзік-үзік  суреттер...

Тал ексеңіз ұлттың балғын бағына ек...

Керей менен хандық құрды Жәнібек.

Талапайлап, ақ киізбен көтеріп

Алты алаштың сайлаған-ды ханы деп.

 

Дәл сол күні ұлттың ұлы таңы атты,

Кетпесінші, деп тіленді, ағаттық.

Ұлар биік көздеген күнді бабалар

Ұрпақтары мерейлі жыл санапты.

 

Тәуке хандай болғанда ақылманы,

Абылайдың жиналғанда батырлары,

Қазағым сол дәуірде жау жайратып,

Арда күрең жасқанбай тақымдады.

 

Қорқақ сүңей жандарын сауғалар шын, –

Кенесары қасқайды жауға қарсы.

Ұрпақтарым алдында ұят болып,

Деп тырысқан қалмасын дауға басым...

 

Ал бүгінде жаңа заман ақ таңы,

Ұлы Дала – қазағымның мақтаны.

Ұлтым деген қастерлі сөз-ұғымды

Жүрегімнің түкпіріне сақтадым!

 

                                               Қуатов Ержан

                                                                                 Шет аудандық Агро- техникалық           

                                                                                 колледжінің  3 курс студенті

 

 

 

 


Келулердің саны: 3585