Жоғары

Тілдер күніне орай өткізілген «Кітапхана түні - 2015» акциясы

...

Мақсаты: жаңа оқырмандарды тарту, кітапхананың жабық қорларына ашық кіру және бос уақытты ұйымдастыру, кітап оқуды адам өмірінің бос уақытында өзіне серік етіп, жаңаша  бағытта танымдық-интеллектуалдық бағдарламаларға қатысып, тиімді өткізу, оқырмандарды кітапханаға тарту.

Акция оқырмандарға кітапхана кіреберісіндегі «Библиокассадан» кіруге билеттер және іс-шара соңында ойнатылатын лоторея жетондарын үлестірумен басталды. Кітапханашылар – Шидербекова Бейбіт пен Медеубекова Алтынай аталмыш кассада билет үлестірумен айналысты.

Жүргізушілер Толеукенова Айнагүл мен Жакупова Меруерт тарапынан қазіргі таңда еліміз өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі болып бекітілгенін, Қазақстан Республикасының «Тіл туралы Заңы» күшіне енгенін, Болашағымызды баянды етер басты қаруымыз тіліміз екені айтылды.  


 «Қошқар мен Теке» мультфильмінің кейіпкерлері Қошқар, Теке, Қасқыр болып ойнаған кітапханашылар – Калиева Гауһар,  Бакирова Айгүл,  Абенова Нұржамал  «Тіл – асыл қазынамыз », «Қазақ хандығына – 550 жыл», «Мәңгі өшпес Ұлы Жеңіс», «Ел бірлігі – татулықта» атты арнаулы даталарға арналған кітап көрмелерін жиналған оқырмандарға таныстырды. Келесі кезекте Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған «Қазақ хандығының құрылуы» атты әдеби қойылымда компьютерлік жүйе технигі Байжанбаев Алихан, бағдарламашы Бақаев Ерқанат, кітапханашы Алтынбек Бекзат ойнады. Қойылымда қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібек Асан Қайғының батасын алады. Бұдан соң Қазақ хандығы жайлы бейнеролик көрсетілді. Бейнероликте қазақ елдігінің бастауы мен ерлігінің арқауы болған Қазақ хандығының марғасқа билеушілері жайлы үзік сыр шертіліп, жиналған жастарға төл тарихымыздан пайдасы мол мағлұмат берілді. Кітапханашы Шидербекова Бейбіт  Қазақ хандығына арналған поэзиялық шығармадан үзінді оқыды. Іс-шара жүргізушілері оқырмандарға Қазақ хандығына байланысты сұрақтар қойды.

   

Келесі кезекте Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған нөмірлер орындалды. Кітапханашылар – Смағұлова Алтынай, Кузембаева Нәсіпгүл «Катюша» биін биледі. «Окоп» ойынында оқу залында жасалған «окоптан» «жарылғыш» лақтырылғанда, қағып алған қатысушы шардың ішіндегі қағазға жазылған сұраққа жауап берді. Сұрақтар Ұлы Жеңіс тақырыбында болды. Кітапханашы Құнанбаева Маржан «Майдангер хаты» атты викториналық ойында оқырмандарды сайыстырды. Оқырмандардың қасіретті жылдар жайлы білімдері сынға түсті.

Іс-шара көрермендері ағымдағы жыл Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аталуына байланысты Қазақстандағы әр түрлі ұлт өкілдерінің рөліндегі кітапхана қызметкерлері – Аликулова Сәуле, Балдакова Нұргүл, Сағадиева Еңлік қарсы алды.  Қазақ, орыс, өзбек тілдерінде өлең жолдары оқылып,  көрермендерге әр ұлт тағамдары ұсынылды, қатысқан оқырмандар әр ұлттың өнерлерін білуі бойынша сайысқа түсті. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуындағы мақсат еліміздегі әр ұлт өкілдерінің тілі мен мәдениетінің өркендеуіне жол ашу, көпұлтты Отанымыздың халқының бірлігі екендігі аталмыш нөмірлерде көрініс тапты.

Қошқар мен Теке рөліндегі кітапхана қызметкерлері көрермендер назарына жоғарыда аталған көріністің қызықты жалғасын ұсынды. Оқырмандар арасында пазлы ойыны ойнатылды. Бұл ойында екі қатысушыдан 5 командаға бөлініп, библиофонарьдің жарығымен, алдарына қойылған суреттерге қарап шашылып жатқан пазлыды берілген шектеулі уақыт ішінде құрастырып шығуы тапсырылды. Одан соң оқырмандардың кітапханаға кіреберісте алған сан жазылған жетондары бойынша лоторея ойнатылды. Ойын соңында қатысқандарға сыйлықтар табысталды.

Іс-шара соңында кітапхана директоры Нұрпейісова Мейрамгүл Сансызбайқызы жиналған оқырмандар қауымына уақыт тауып қелгендері үшін алғыс айтып, қорытынды сөз сөйледі.

Шараға ауыл ақсақалдары, кітапхананың тұрақты оқырмандары – Әлғожин Шәйкен, Әбітаев Берген ақсақалдар, зейнеткер ұстаз Иксанова Раиса Мукашевна қатысты, Шет агротехникалық колледжі студенттері мен оқытушылары белсенділік танытты және басқа да мекемелер қызметкерлері, мұғалімдер мен оқушылар қатысты.      

 

 


Келулердің саны: 3888